ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік мектептердің рейтингін жариялады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің нәтижелері негізінде жасалған тізімге республика бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізген 114 білім беру ұйымы енген.

Биылғы республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен 1636 оқушы қатысты. Білім сайысында оқушылар өздерінің терең білімін, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
Рейтинг арнайы бағалау жүйесі арқылы жасалды. Атап айтқанда, алтын медаль үшін – 3 ұпай, күміс медаль үшін – 2 ұпай, ал қола медаль үшін – 1 ұпай берілді. Осы нәтижелер негізінде еліміздегі үздік олимпиадалық мектептер анықталды.
Қуаныштысы, «Қазақстанның ең үздік 100 мектебі» қатарына Шымкент қаласының алты білім беру ұйымы енді. Олар:
«Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты;
Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты;
З.Хусанов атындағы №110 жалпы орта білім беретін мектебі;
Айбек атындағы №14 жалпы орта білім беретін мектебі;
А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясы;
Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия.
Бұл көрсеткіш Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарының олимпиадалық даярлық бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын және оқушылардың республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, рейтинг оқушылардың, оларды дайындаған мұғалімдер мен жаттықтырушылардың бірлескен еңбегін бағалау және еліміздегі олимпиадалық қозғалысты дамыту мақсатында әзірленген.
Айта кетейік, өткен 2024–2025 оқу жылында Шымкент қаласынан бес мектеп қана үздіктер қатарынан көрінген болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш алты мектепке жетіп, қала білім беру ұйымдарының жетістігі тағы бір сатыға көтерілді.