Шымкенттік түлек әлемнің 23 жетекші университетінен шақыру алды

Шымкент қаласының оқушысы Тамерлан Сыздықов халықаралық деңгейде жоғары жетістікке қол жеткізіп, әлемнің жетекші 23 жоғары оқу орнынан шақыру алды. Ол – Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Үздік оқушы – 2025» номинациясының жеңімпазы және А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназиясының түлегі.

Тамерлан түрлі деңгейдегі білім сайыстары мен халықаралық іріктеулерде үздік нәтиже көрсетіп, бірнеше елдің беделді университеттерінің назарын аударды. Нәтижесінде оған АҚШ, Еуропа, Австралия, Гонконг, Түркия және Ұлыбританиядағы жоғары оқу орындарынан шақыру келіп түсті.

Шақыру жолдаған университеттердің қатарында АҚШ-тың Purdue University, Clark University, Illinois Institute of Technology, DePauw University секілді танымал оқу орындары бар. Сонымен қатар Гонконгтың The Hong Kong Polytechnic University, Австралияның Adelaide University мен Eynesbury College, Испаниядағы Saint Louis University Madrid, Италиядағы Siena University, Түркиядағы Istanbul Atlas University және Ұлыбританиядағы Teesside University да талапты түлекке білім алу мүмкіндігін ұсынды.

Халықаралық деңгейдегі осындай беделді ұсыныстарға қарамастан, Тамерлан Сыздықов жоғары білімді Қазақстанда алуды жөн көрді. Ол өз таңдауын еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі – Назарбаев Университетімен байланыстырды.

Бұл жетістік – оқушының табанды еңбегінің, ұстаздарының кәсіби қолдауы мен ата-анасының қамқорлығының жемісі. Жас түлектің жетістігі Шымкент қаласындағы білім беру сапасының жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, қазақстандық жастардың халықаралық білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.

Айта кету керек, 2025–2026 оқу жылында Шымкент қаласындағы 50-ден астам түлек әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінен шақырту алған. Бұл көрсеткіш қала оқушыларының білімге деген ұмтылысы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктерінің артып келе жатқанын аңғартады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *