«Бақытты балалық үшін» ауқымды мерекелік іс-шарасы өтті

Шымкент қаласында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық үшін» атты ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. 

Мерекелік шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, зиялы қауым өкілдері, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері және қала тұрғындары қатысты.

Іс-шара аясында 1500-ден астам жас өнерпаз өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Қонақтар фотокөрмелер мен сурет көрмелерін тамашалап, үрмелі аспаптар оркестрінің шеруі мен домбырашылар оркестрінің концертін көрді. Сонымен қатар балалар мен ата-аналарға арналған түрлі мәдени-танымдық және ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

Мерекеде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ерекше назар аударылды. «Ұлттық өнер – ұрпаққа мұра» атты арнайы алаңда қолөнер және сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтары өтті. Қатысушылар ағаш және былғары бұйымдарын жасау, қыш құмыра дайындау, қуыршақ пен түрлі қолөнер бұйымдарын әзірлеу үдерісімен танысты. Сондай-ақ ұлттық үстел ойындарын ойнап, дәстүрлі өнердің қыр-сырына қанықты.

Мерекелік шара балаларға көтеріңкі көңіл күй мен жарқын әсер сыйлап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін танытуға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына, ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруға және отбасы құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді.

Айта кетейік, Халықаралық балаларды қорғау күні 1949 жылы Парижде өткен Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының конгресінде бекітіліп, 1950 жылдан бастап әлемнің көптеген елдерінде аталып келеді. Бұл күннің басты мақсаты – балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қоғам назарын аудару. Бүгінде мереке балаларға қамқорлық көрсету мен олардың бақытты болашағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды күндердің біріне айналған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *