Шымкентте 11-сынып түлектерінің қорытынды емтихандары басталды

Шымкент қаласында 11-сынып оқушыларының қорытынды аттестаттау емтихандары басталды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы №125 бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 2 маусымда 11  сынып білім алушылары үшін Қазақстан тарихы пәні бойынша ауызша емтихан өткізілуде.

Биыл Шымкент қаласында 11-сыныпты 16 003 түлек аяқтады. Қорытынды бітіру емтихандары 2–15 маусым аралығында төрт пән бойынша ұйымдастырылады.

Министрліктің №125 бұйрығының 50-тармағына сәйкес, 175 оқушы қорытынды емтихандардан босатылған. Оның ішінде 146 оқушы денсаулық жағдайына байланысты, ал 29 оқушы халықаралық олимпиадалар мен жарыстарға қатысуына орай емтихан тапсырудан босатылған.

Биыл қала бойынша 787 түлек «Алтын белгіге», ал 1 122 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр. Қорытынды аттестаттау бекітілген талаптарға сай ұйымдастырылып, емтихандар барысында академиялық адалдық қағидаттары мен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуда.

Соңғы екі оқу жылындағы көрсеткіштерге сәйкес, 2025–2026 оқу жылында бітірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда артқан. Сонымен қатар, «Алтын белгі» иегеріне үміткерлер саны 137 оқушыға көбейсе, 9-сыныптағы «Үздік аттестат» үміткерлерінің саны да айтарлықтай өсіп, 1 560 оқушыға жеткен.

Білім беру ұйымдарының түлектері жоғары нәтижелер көрсетіп, халықаралық деңгейде өз білімдерінің сапасын дәлелдеуде. Қазіргі таңда 50-ден астам оқушы әлемнің 100-ден аса жетекші жоғары оқу орнынан шақырту алып, білім гранттарының иегері атанған. Бұл көрсеткіштер оқушылардың академиялық дайындығының жоғары екенін және білім беру ұйымдарында жүйелі әрі сапалы жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар, түлектердің IELTS халықаралық емтиханынан алған жоғары нәтижелері олардың ағылшын тілін еркін меңгергенін және заманауи талаптарға сай бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасқанын дәлелдейді. Мұндай жетістіктер мектеп бітірушілерінің халықаралық білім кеңістігінде өз орнын табуға толық мүмкіндігі бар екенін айғақтайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *