Шымкент қалалық білім басқармасы мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдардың басшыларымен бірлесіп, балабақша топтарын жазғы кезеңде жинақтауға дайындау мәселесі бойынша семинар өткізді,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі.

Семинар барысында 2026–2027 жаңа оқу жылына дайындық аясында атқарылатын ұйымдастыру шаралары мен балабақшаға қабылдау тәртібі түсіндірілді. Мамандар жазғы кезеңдегі қабылдау процесінің ерекшеліктері мен регламенттік талаптарға кеңінен тоқталды.

Маңызды кезең ретінде 20–30 маусым аралығы белгіленді. Осы уақыт аралығында қаладағы мектепке дейінгі ұйымдарда бірқатар жұмыстар уақытша тоқтатылады. Атап айтқанда, балаларды қабылдау жүргізілмейді, ваучерлер беру процесі жүзеге асырылмайды, 6 жасқа толған тәрбиеленушілер шығарылады және жаңа оқу жылына арналған топтарды қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.
1 шілде күнінен бастап кезек автоматты түрде жаңартылып, қолданыстағы регламентке сәйкес балабақшаларда бос орындар ашылып, қабылдау процесі қайта басталады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 654 балабақшада 77 589 бала тәрбиеленуде. Ағымдағы жылдың сәуір айында мектепке дейінгі ұйымдарға 1 500 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Жыл соңына дейін қосымша 2 000 орынға мемлекеттік тапсырыс беру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, биыл 15 балабақша (1 394 орындық) пайдалануға берілді. 1 маусымнан бастап мектепке дейінгі ұйымдардан 1-сыныпқа баратын балалардың шығуына байланысты шамамен 15 000 орын босатылады.
Мамандардың айтуынша, аталған шаралар мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын реттеп, жаңа оқу жылында балаларды балабақшамен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.