Білім беру жүйесіндегі жаңғыру үдерістерінің нәтижелі болуы ұстаздардың кәсіби құзыреттілігіне тікелей байланысты. Осы бағытта «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты филиалы мұғалімдердің білімін жетілдіруге арналған мемлекеттік бастамаларды жүйелі түрде іске асырып келеді.

Биыл филиал 008 «Мемлекеттік орта білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыстар жүргізуде. Жылдық жоспарға сәйкес 114 оқу тобында 2855 мұғалімді қысқамерзімді курстармен қамту көзделген.
Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша 37 оқу тобы жасақталып, 924 тыңдаушы оқуын аяқтады. Бұл жылдық меженің 32,4 пайызын құрайды. Қазіргі таңда тағы 16 топта 401 тыңдаушы білімін жетілдіруде. Бұл көрсеткіштер жұмыстың белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Оқу барысында қатысушылар заманауи білім беру үрдістерімен танысып, инновациялық технологияларды меңгеруде. Сонымен қатар тәжірибелік дағдыларын дамытып, сабақ беру тиімділігін арттырудың жаңа тәсілдерін игеруде.

Кәсіби даму бағытындағы жұмыстар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын да қамтыды. 007 «Мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының біліктілігін арттыру» бюджеттік бағдарламасы бойынша көзделген міндеттер толық орындалды.
Жоспарға сәйкес бір оқу тобында 30 тәрбиеші мен педагог оқытылып, олардың барлығы курсты сәтті тәмамдады. Нәтижесінде белгіленген көрсеткіштер 100 пайыз орындалды.
Дәрістер мен практикалық сабақтар барысында мектепке дейінгі білім беру саласындағы заманауи әдістемелер, инновациялық технологиялар және тәрбие мен оқытудың өзекті бағыттары қарастырылды. Бұл өз кезегінде бүлдіршіндерге берілетін білім мен тәрбиенің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Өрлеу» БАҰО» АҚ Шымкент қаласы бойынша кәсіби даму институты филиалы мемлекеттік тапсырмалар аясындағы міндеттерді табысты орындап келеді.
Жыл соңына дейін жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында педагогтерді қамту және курстарды ұйымдастыру жұмыстары жалғасатын болады.