Шымкент қаласында «Сапалы білім» жобасы аясында ұйымдастырылған «Білім беру шебері» қалалық байқауы өз мәресіне жетті. Қаладағы ең үздік педагогтердің кәсіби шеберлігі сыналған білім додасында №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының математика пәні мұғалімі Гүлбахрам Қапашқызы Бердібаева үздіктер қатарынан көрініп, қала бойынша анықталған «10 үздік педагогтың» бірі атанды.

Салтанатты марапаттау рәсімінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жеңімпаз ұстазға арнайы Алғыс хат пен 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сертификатты табыстады. Сонымен қатар, Гүлбахрам Қапашқызына 2026–2027 оқу жылы бойы қала әкімінің арнайы үстемақысы төленетін болды.
Гүлбахрам Бердібаева – білім беру саласында отыз жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог. Ол 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «математик, оқытушы» мамандығы бойынша тәмамдап, кәсіби еңбек жолын мектеп қабырғасынан бастады. Кейін педагогикалық білімін жетілдіріп, 2023 жылы Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін қорғады.
Ұстаздың еңбек жолы Шымкент қаласының білім беру жүйесімен тығыз байланысты. Ол 1995–2007 жылдары №37 Фурқат атындағы орта мектепте, 2008–2020 жылдары №80 мектеп-лицейінде қызмет атқарып, мыңдаған шәкірттің сапалы білім алуына үлес қосты. 2009 жылдан бастап жоғары санатты мұғалім атанса, 2018 жылдан бері «Педагог-зерттеуші» кәсіби санатында жемісті еңбек етіп келеді.
Білікті маманның басты ерекшелігі – оқушылардың математикалық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың зерттеушілік қабілеттерін дамытуға бағытталған заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдануы. Соның нәтижесінде оның шәкірттері қалалық, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларда жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарды иеленіп жүр.