4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні.

Мемлекеттік рәміздер күні Шымкент қаласында кең көлемді салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Ел тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны саналатын Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұранды ұлықтауға арналған мерекелік жиынға қала тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар және қоғамдық ұйым мүшелері қатысты.

Іс-шараның басты оқиғасы қаладағы ең биік нысандардың бірі саналатын 100 метрлік тұғырда Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі болды. Көк байрақтың асқақ желбіреуі жиналған көпшілікке ерекше әсер сыйлап, елдік пен егемендіктің маңызын айшықтай түсті.
Салтанатты жиынға қатысқан Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындарды мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздердің қоғам өміріндегі айрықша орнына тоқталды.

«Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіз Қазақстанның басты құндылықтары әрі халықтың бірлігі мен ел болашағына деген сенімінің белгісі»,-деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.
Шара барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бірге орындап, ел рәміздеріне деген құрметін білдірді. Мерекелік жиын түрлі буын өкілдерінің басын қосып, қоғамдағы татулық пен ынтымақтың жарқын көрінісіне айналды.

Мемлекеттік рәміздер – Қазақстанның егемендігі мен ұлттық болмысын танытатын қасиетті белгілер. Олар халқымыздың тарихи жолын, мәдени мұрасын және тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқан ұстанымдарын бейнелейді. Сондықтан рәміздерді құрметтеу – әр азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігі мен елге деген сүйіспеншілігінің көрінісі.
Шымкентте өткен тағылымды іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, жастардың бойында патриоттық рух қалыптастырудың және елдік мұраттарды насихаттаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.