АПВ-ға қарсы екпе мыңдаған әйелдің өмірін сақтауға көмектеседі

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында адам папилломасы вирусына  қарсы вакцинация мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі.

Айгүл Тұрымбетованың айтуынша, АПВ – әлемде кең таралған инфекциялардың бірі. Мамандардың мәліметінше, адамдардың басым бөлігі өмірінің белгілі бір кезеңінде осы вирусты жұқтырады. Оның кейбір түрлері жатыр мойны обыры мен басқа да қатерлі ісіктердің пайда болуына себеп болуы мүмкін.

Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы тіркеледі. Өкінішке қарай, 600-ден астам әйел осы дерттің салдарынан көз жұмады. Сондықтан аурудың алдын алу мәселесі денсаулық сақтау саласының басым бағыттарының біріне айналып отыр.

Маманның сөзінше, адам папилломасы вирусын толық емдейтін дәрі әзірге жоқ. Сол себепті одан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцинация. Осы мақсатта елімізде 2024 жылдың күзінен бастап 11 жастағы қыз балаларды АПВ-ға қарсы тегін егу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Вакцина мектептерде және емханалардың екпе кабинеттерінде салынады.

Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде қолданылады. Алғаш рет 2006 жылы АҚШ пен Австралияда енгізілген екпе өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Дания, Канада және АҚШ-та жүргізілген ірі зерттеулер вакцинацияның ұрпақты болу денсаулығына кері әсер етпейтінін көрсеткен. Әлем бойынша 100 миллионнан астам адам вакцина алып, 270 миллионнан астам доза қолданылған. Бақылау нәтижелері ауыр жанама әсерлердің тіркелмегенін көрсетіп отыр.

Сала мамандары жатыр мойны обырының алдын алуда вакцинация мен скринингтің маңызы зор екенін айтады. Вирус жұқтырмай тұрып салынған екпе ағзаның қорғанысын күшейтіп, қауіпті дерттің даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. Осыған байланысты Айгүл Тұрымбетова ата-аналарды балалар денсаулығына жауапкершілікпен қарап, вакцинацияның маңызын ескеруге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *