Шымкентте Қоршаған ортаны қорғаудың халықаралық күні мен Экологтар күніне орай «Эколог сағаты» атты республикалық акциясы ұйымдастырылды. М. Өтебаев атындағы Жоғары жаңа технологиялар колледжінің алаңында ұйымдастырылған іс-шараға эколог мамандар, табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері, педагогтер мен колледж студенттері қатысты.

Акция Шымкент қалалық білім басқармасының қолдауымен «Экология, өлкетану және туризм орталығы» мен аталған колледждің бірлесе ұйымдастыруымен өтті.
Шымкент қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Айгүл Рүстемова қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, табиғатты қорғаудағы жастар белсенділігінің маңызды рөлін атап өтті.
Ал Шымкент қаласы бойынша Экология департаментінің басшысы Ермахан Қозыбаев аймақтағы өзекті экологиялық мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдары туралы баяндама жасап, жастарға ой салды.

Іс-шара жай ғана ресми кездесу шеңберінен шығып, «Экологтан сұра» еркін диалог алаңына ұласты. Мұнда студенттер өздерін мазалап жүрген сауалдарын сала мамандарына тікелей қойып, тұшымды жауаптар алды.
Кейін қатысушылар «Таза Қазақстан: сұрыпта, сақта, қорға!» атты экологиялық квиз-ойынында бақ сынасып, өздерінің танымдық деңгейлерін дәлелдеді.
«Экология, өлкетану және туризм орталығының» директоры Ұлжан Жайлауқызы бұл шараның тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.

«Бүгінгі таңда экологиялық мәдениет қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Табиғатты қорғау тек мамандардың ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың экологиялық білімін арттырып қана қоймай, оларды нақты әрекетке баулимыз»,-деді «Экология, өлкетану және туризм орталығының» директоры Ұлжан Жайлауқызы.
Акция соңында қоршаған ортаны қорғауға белсене үн қосқан және интеллектуалды сайыста оқ бойы озық шыққан белсенді студенттер арнайы марапаттарға ие болды. Ұйымдастырушылар бұл трендтің алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.