Абай ауданында заң мен тәртіп қағидаты аясында ауқымды рейд өтті

Елімізде заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті орнықтыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Осы орайда, Абай ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, аудан аумағында арнайы рейдтік іс-шара өткізді. «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруды көздеген бұл тексеріс қоғам қауіпсіздігін нығайтуға бағытталды.


Бірлескен топ аудан аумағындағы қоғамдық тамақтану және ойын-сауық мекемелерінің қызметін назарға алды. Түнгі тексеріс барысында екі негізгі мәселеге ерекше екпін берілді. Біріншіден қоғамдық орындарда кальян өнімдерінің заңсыз айналымы мен оны өткізуге қатысты заңнама талаптарының сақталуы.

Екіншіден және ең маңыздысы — кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық клубтарында заңды өкілдерінсіз, яғни ата-анасының қарауынсыз жүру фактілерін анықтау. Рейд қорытындысы бойынша заңнама талаптарын бұзудың жекелеген фактілері белгілі болды.

Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарап, заңды аттап өткен нысандар анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылдануда.

Қазіргі уақытта анықталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданып, кінәлі тұлғаларды заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.

Абай ауданының прокуратурасы бұл бағыттағы жұмыстардың мұнымен шектелмейтінін жеткізді. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың, әсіресе өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізілмек.

Осы ретте қадағалау органы кәсіпкерлік субъектілерін заң талаптарын қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балаларының түнгі уақыттағы жүріс-тұрысына бақылауды күшейтуге шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *