Шымкент қаласының білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарды жазғы жинақтау кестесі туралы хабарлады.

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығына сәйкес Шымкент қаласында мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. «Ақша баламен бірге жүреді» қағидатына негізделген жоба 2024 жылғы 24 қазанда іске қосылған. Бұл жүйе мемлекеттік қаржыландыруды ата-аналардың таңдауы бойынша мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына бағыттауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуы қамтамасыз етіліп, балабақшаға кезек айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар қаржыландыру саласындағы заң бұзушылықтар азайып, мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестік пен қызмет көрсету сапасы артты.
Білім басқармасының мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды жазғы қабылдау басталады. 2026–2027 оқу жылына дайындық аясында ваучерлік қаржыландыру жүйесінде кезектерді автоматты түрде қайта қалыптастыру жүргізіледі. Қазіргі уақытта 2 жасқа толған немесе 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін 2 жасқа толатын балалар 21-санаттан жас ерекшелігі мен жеңілдіктеріне қарай тиісті санаттарға ауыстырылады. Айта кету керек, 21-санат бойынша ваучерлер берілмейді. Кезекте жоғары санатқа ауыстырылғаннан кейін балалар ваучерлерді бөлу процесіне қатыса бастайды. Бұл өзгеріс шамамен 15 мың балаға әсер етеді деп күтілуде.
Осыған байланысты 2026 жылғы 20–30 маусым аралығында мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау және ваучерлер беру уақытша тоқтатылады. Бұл кезеңде 6 жасқа толған тәрбиеленушілерді шығару және жаңа оқу жылына арналған топтарды қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі.
1 шілде күні сағат 18:00-де кезектерді қайта қалыптастыру аяқталғаннан кейін жүйеде балаларды қабылдауға арналған бос орындар ашылады. Алдымен бұл орындар баласын бір балабақшадан екіншісіне ауыстыруды жоспарлаған ата-аналардың күту парақтарына ұсынылады. Сағат 19:00-ден бастап қалған бос орындар барлық ваучер иелеріне қолжетімді болады. Күту парағына өтінім беру құқығы тек қолданыстағы ваучері бар және мектепке дейінгі ұйымға қабылданған балалардың ата-аналарына ғана беріледі.
Ваучерлер BALABAQSHA ақпараттық жүйесі арқылы кезектілік тәртібімен автоматты түрде беріледі. Ваучердің берілгені туралы хабарлама ED24 мобильді қосымшасына және BALABAQSHA жүйесіндегі жеке кабинетке жолданады.
Ваучер алғаннан кейін ата-ана екі жұмыс күні ішінде жеке кабинет арқылы оны пайдалануға келісімін растауы қажет. Расталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мектепке дейінгі ұйымды таңдап, электрондық шарт жасасуы тиіс. Белгіленген мерзімде растау жүргізілмесе немесе шарт жасалмаса, ваучердің күші жойылады.
Егер қажетті балабақшада бос орын болмаса, баланы жақын маңдағы қолжетімді мектепке дейінгі ұйымға орналастыру ұсынылады. Сонымен қатар ата-аналар қалаған балабақшаға күту парағы арқылы өтінім бере алады. Жүйеде бір уақытта төрт мектепке дейінгі ұйымға дейін таңдау мүмкіндігі қарастырылған.
Электрондық келісімшарт жасау үшін баланың фотосуреті, профилактикалық екпелер картасы (№065/у), баланың денсаулық паспорты (№051-2/у), денсаулық жағдайы туралы анықтама (№027/у), сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ПМПК қорытындысы қажет. Құжаттардың электрондық көшірмелерін PDF немесе JPEG форматында алдын ала дайындау ұсынылады. Әр файлдың көлемі 1 МБ-тан аспауы тиіс.
Білім басқармасы ата-аналардың назарын вакцинация мәселесіне де аударды. Егер балабақшадағы вакцинацияланбаған балалардың үлесі 10 пайыздан асса, мекеме келісімшарт жасасудан бас тартуға міндетті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұжымдық иммунитет деңгейі кемінде 90 пайыз болуы қажет.
Осыған байланысты ата-аналарға BALABAQSHA жүйесіндегі мектепке дейінгі ұйымдар туралы ақпаратпен алдын ала танысып, өздерін қызықтырған ұйымдарға барып көру және бос орындардың шектеулі болуы мүмкін екенін ескере отырып, бірнеше балама нұсқаны қарастыру ұсынылады. Сондай-ақ ED24 мобильді қосымшасындағы хабарламалар мен BALABAQSHA жүйесіндегі жеке кабинетті тұрақты түрде бақылап отыру қажет.