Шымкентте биыл аумақтық қорғаныс бағытында бірқатар ауқымды оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Шымкент қаласының жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары Алиярхан Рустембаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, ақпан айында №50120 әскери бөлімінің қатысуымен командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуы ұйымдастырылған. Оның барысында әскери жағдай енгізілген кездегі іс-қимылдар пысықталып, әскери міндеттілерді қабылдау, жұмылдыру техникасын жинақтау және маңызды нысандарды күзету бойынша практикалық жұмыстар көрсетілген.
Ал сәуір айында «Ақтас» оқу полигонында тактикалық-арнаулы оқу-жаттығу жиыны өтті. Оған Шымкент қаласынан 157 әскери міндетті қатысып, теориялық және практикалық дайындықтан өтті.
Жаттығу қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталып, 62 азаматқа арнайы әскери шендер табысталды. Спикердің сөзінше, мұндай шаралар қаланың қорғаныс әлеуетін арттырып, әскери резервтің дайындығын нығайтуға мүмкіндік береді.
Брифинг барысында азаматтық қорғаныс, сейсмикалық қауіпсіздік және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар да таныстырылды.
Биылғы бес айда қаладағы білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерінде, сондай-ақ ірі кәсіпорындарда 496 сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілген. Оған 148 мыңнан астам адам мен 2400-ге жуық техника жұмылдырылды. Сонымен қатар әуежайда, сауда-ойын-сауық орталықтарында, тұрғын үй кешендерінде, базарлар мен теміржол вокзалында өрт қауіпсіздігі бойынша тактикалық жаттығулар ұйымдастырылған.
Сондай-ақ тұрғындарды төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар етуге арналған «Mass Alert» жүйесінің жұмысы таныстырылды. Cell Broadcast технологиясына негізделген жүйе белгілі бір аумақтағы барлық ұялы телефондарға бірнеше секунд ішінде ескерту хабарламаларын жеткізе алады. Қазіргі уақытта жүйе Шымкент қаласында штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Алиярхан Рустембаевтың айтуынша, «Mass Alert» тек жер сілкінісі кезінде ғана емес, басқа да ірі төтенше жағдайлар кезінде халықты жедел құлақтандыруға мүмкіндік береді. Қалада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың салдарын азайту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.