Жыл басынан бері шымкенттік спортшылар Қазақстан чемпионаттарында 1036 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 357 алтын, 334 күміс және 345 қола медаль бар. Сонымен қатар халықаралық ареналарда да шымкенттік спортшылар жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Азия чемпионаттарында 85 медаль иеленсе, әлем чемпионаттарында 17 жүлдені еншілеген. Бұл туралы Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов мәлімдеді.

Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Шымкенттен 1224 спортшы өнер көрсетуде. Оның ішінде ересектер құрамасында – 440, жастар құрамасында – 407 және жасөспірімдер құрамасында 377 спортшы бар.
Алдағы уақытта қала спортшылары Қырғызстанда өтетін VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен Жапонияда ұйымдастырылатын Азия ойындарына қатысуға дайындалуда. Азия ойындарына Шымкенттен спорттың 21 түрі бойынша 50-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, халықаралық жарыстардағы жоғары көрсеткіштер мен спорт инфрақұрылымының дамуы Шымкенттің еліміздің жетекші спорт орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсуде.
Биыл бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 54 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар қаладағы 13 саябақ пен аллеяда спорт нұсқаушылары тұрғындарға күнделікті таңғы жаттығулар ұйымдастырып келеді.
Қазіргі таңда қалада 35 спорт ұйымы жұмыс істеп, спорттың 65 түрі дамытылуда. Спорт мекемелерінде 16 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде жаттығып, 1121 жаттықтырушы қызмет көрсетуде.
Шымкентте спорттық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қалада жалпы саны 877 спорт нысаны бар. Биыл Қаратау ауданындағы Тұран шағынауданында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу және Базарқақпа тұрғын алабындағы стадион аумағын кеңейту жоспарланған.
Сонымен қатар 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион мен паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Спорт нысандарын жаңарту бағытында да бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Мұз сарайы», Локомотив стадионы және басқа да спорт нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді Ермек Аманжолұлы.