Бүгін Шымкенттегі Жол-көлік колледжінің студенттері мемлекеттік біліктілік емтиханын тапсырды.

Аталған сынақ 07320700 – «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан САД 9-221 тобының студенттеріне арналды. Емтиханға барлығы 12 білім алушы қатысып, өздерінің кәсіби даярлық деңгейін көрсетті.
Мемлекеттік біліктілік емтиханы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты (МЖМБС) талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылды. Емтихан тапсырмалары алдын ала әзірленген 25 билеттен тұрды.

Әр билет құрамына екі жеңіл, екі орта деңгейдегі теориялық сұрақ және бір практикалық тапсырма енгізілді.
Білім алушылардың білімін әділ әрі ашық бағалау мақсатында арнайы мемлекеттік аттестаттау комиссиясы құрылды.
Комиссия құрамына сала мамандары мен тәжірибелі педагогтер енді.
Комиссия төрағасы болып «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК Шымкент қаласы бойынша филиалы сынақ зертханасының меңгерушісі Ермек Намазов тағайындалса, төраға орынбасары қызметін колледж директорының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ұлжан Бекмуратова атқарды.

Сонымен қатар комиссия мүшелері қатарында ПЦК төрағасы, арнайы пән оқытушысы Нұрсұлтан Өндірбай, «Шымкент Каз Дор Проект» ЖШС инженері Алексей Перевалков және «InfaLab» ЖШС зертхана меңгерушісі Даулетбек Кешубаев сынды өндіріс пен білім беру саласының білікті мамандары болды.
Комиссия мүшелері білім алушылардың теориялық білімі мен тәжірибелік дағдыларын жан-жақты бағалап, әділ шешім қабылдады. Қорытынды нәтижелер бойынша 2 студент – «өте жақсы», 7 студент – «жақсы», ал 3 студент «қанағаттанарлық» бағасына ие болды.
Ең бастысы, мемлекеттік біліктілік комиссиясының шешімімен емтиханға қатысқан барлық 12 түлекке «Техник-құрылысшы» біліктілігі берілді.
Айта кетейік, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК кәсіби жолшы мамандарын даярлау ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Осы бағытта білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, студенттердің өндірістік тәжірибеден сапалы өтуіне, сала мамандарымен кездесулер ұйымдастыруға және кәсіби бағдар берегу жұмыстарын жүйелі жүргізуге атсалысуда.
Мұндай ынтымақтастық жастардың еңбек нарығына бейімделуіне, заманауи жол құрылысы саласындағы талаптарды терең меңгеруіне және білікті маман болып қалыптасуына мүмкіндік береді.