Шымкенттік оқушылардың жазғы демалысы басталды

Шымкент қаласында балалардың жазғы сауықтыру науқаны басталды. Бүгін «Ақсу» жазғы сауықтыру лагерінде алғашқы ауысымның ашылу салтанаты өтіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 200 оқушы демалысқа жол тартты.

Лагерь аумағында балалардың жан-жақты дамуына бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, шығармашылық үйірмелер, спорттық жарыстар, интеллектуалдық ойындар, танымдық сабақтар және мәдени-көпшілік іс-шаралар жоспарланған. Мұндай бағдарламалар оқушылардың бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, олардың қабілеттерін дамытуға да мүмкіндік береді.

Балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы басты назарға алынған. Лагерьде санитарлық талаптар қатаң сақталып, балалар күніне бес мезгіл теңгерімді тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, тәжірибелі тәрбиешілер мен медицина қызметкерлері демалушылардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында жазғы демалыс маусымымен жалпы 245 мыңға жуық оқушыны қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде 225 мыңға жуық бала мектеп жанындағы лагерьлерде демалса, 11 200 оқушы мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы іріктелген сауықтыру орталықтары мен Оқушылар сарайына қарасты лагерьлерге жолдама алған.

Оқушылардың жазғы демалысы Түлкібас және Қазығұрт аудандарындағы, сондай-ақ Шымкент пен Кентау қалаларындағы танымал сауықтыру орындарында жалғасады. Олардың қатарында «Ақсу», «Машат-Арасан», «Үркер», «Үш бұлақ», «Турбаза Қазығұрт» және «Көктөбе-1» лагерьлері бар.

Жазғы демалыс бағдарламасы балалардың қауіпсіз әрі пайдалы демалысын қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың жаңа достар табуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауына және салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *