Шымкентте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түнгі рейдтер мен «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті

Қоғамдық тәртіпті сақтау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Абай ауданының прокуратурасы бірқатар жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Аудан аумағында жүргізілген түнгі рейдтер барысында бірнеше заң бұзушылық анықталды. Сауда және ойын-сауық орындарында заңмен тыйым салынған қорқор (кальян) пайдалану фактілері тіркелді. Сонымен қатар, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдер анықталып, олардың ата-аналарына қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылданды.

Сондай-ақ жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Азаматтарға өз құқықтары мен міндеттері туралы кеңінен ақпарат беріліп, заң талаптарын мүлтіксіз орындаудың қоғамдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі түсіндірілді. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша нақты жауаптар беріліп, қажетті құқықтық қолдау көрсетілді.

Бұдан бөлек, прокуратура қызметкерлері тұрғындарға тікелей көмек көрсету мақсатында «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді. Шара барысында заңгерлер мен прокурорлар 50-ге жуық қала тұрғынын қабылдап, оларды толғандырған құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты кеңес берді. Азаматтық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әртүрлі бағыттарды қамтитын 100-ден астам іс-шара өткізген. Құқық қорғау органы бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *