Шымкент қаласының Ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Пармановтың төрағалығымен жиын өтті. Жиынға қоғамдық бірлестіктер мен кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушыларға қолданыстағы заңнама нормалары жан-жақты түсіндіріліп, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтырулар таныстырылды.
Сонымен қатар мемлекеттік наградалардың мәртебесін сақтау, олардың беделін арттыру және заң талаптарын қатаң сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Жиында қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік наградаларға атауы немесе сыртқы келбеті бойынша толықтай не ішінара ұқсас ордендер, медальдар және төсбелгілер тағайындауға немесе дайындауға заңмен тыйым салынатыны түсіндірілді. Сондай-ақ мемлекеттік емес наградалармен Қазақстан Республикасының, халықтың немесе Мемлекет басшысының атынан марапаттауға жол берілмейтіні атап өтілді.
Кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдеріне мемлекеттік наградаларға ұқсас белгілерді дайындау, тарату және өткізудің заңсыз екендігі ескертілді. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 674-бабына сәйкес жауапкершілік көзделгені жеткізілді.
Отырыста мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалардың ел тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің маңызды нышандары екені айтылды. Сондықтан олардың қадір-қасиетін төмендетуге, коммерциялық мақсатта пайдалануға немесе заңсыз айналымға енгізуге жол берілмейтіні ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар барлық мемлекеттік органдар мен мекемелердің ғимараттарында қоғамдық наградалармен және өзге де атақтармен марапаттау рәсімдерін өткізуге тыйым салынатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, заң талаптарын сақтау мәселелері бойынша тиісті түсініктемелер ұсынылды.
Іс-шараның қорытындысында мемлекеттік наградалар мен рәміздерге құрметпен қарау, олардың заңды қолданылуын қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті арттыру – әрбір азамат пен ұйымның ортақ міндеті екені атап өтілді.