Қазіргі таңда Шымкент қаласында 1,1 миллионға жуық адам, яғни қала халқының шамамен 85 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлейді. Ал 212 230 тұрғын сақтандырылмаған. Оның 13 596-сы әлеуметтік осал топқа жататын D және E санатындағы азаматтар. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

– Қордың басты мақсаты – халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайы ерекше бақылауда. Өздеріңізге белгілі, МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, биылдан бастап әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл деңгейдегі (D және E санаттары) азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті атқарушы органдардың есебінен төленеді. Яғни, бұл азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда олардың сақтандыру жарналарын төлеу міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қамтылады, – деді Сәуле Дүйсенбаева.
Брифинг барысында сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту бағытында жауапты басқармалар тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Атап айтқанда, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту, әлеуметтік мәртебесін нақтылау және сақтандыру жүйесіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бірқатар шаралар қолға алынған.
Мамандар тұрғындарды өздерінің сақтандыру мәртебесін алдын ала тексеріп, медициналық көмекті толық көлемде алу үшін МӘМС жүйесіне уақытылы қатысуға шақырады.