Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 174 медициналық ұйым тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуде. Оның 34-і мемлекеттік, қалғаны жекеменшік мекемелер. Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлім етті.

Барлық медициналық ұйымдар Қормен жасалған келісімшарт негізінде жұмыс істейді және көрсетілген қызметтердің көлемі мен сапасына қарай қаржыландырылады. Қаржы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін төленеді.
Қор тарапынан медициналық қызметтердің шынайылығын растауға, қаржының мақсатты жұмсалуын бақылауға және қаржыландыру үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында таяуда Qalqan цифрлық платформасы енгізілген болатын.
Бүгінде Шымкент қаласындағы барлық медициналық ұйымдар аталған цифрлық платформаға толық қосылған. Брифинг барысында атап көрсетілгеніндей, Qalqan платформасы дәрігердің емдеу процесіне араласпайды. Оның негізгі міндеті – медициналық қызметтердің нақты көрсетілгенін растау және қаржылық есептіліктің дұрыстығын бақылау.
Сондай-ақ, Қор филиалының директоры атап өткеніндей, медициналық қызметтердің сапасына қатысты тұрғындардан түсетін арыз-шағымдар саны да азайған. Жыл басынан бері 400-ден астам арыз-шағым түскен болса, оның 299-ы негізсіз деп танылып, өтініш берушілер тарапынан кері қайтарылған. Арыз-шағым саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,1 пайызға төмендеген. Бұл медициналық ұйымдардағы ішкі бақылау жүйесінің күшейгенін және тұрғындармен кері байланыстың жақсарғанын көрсетеді.