Шымкентте тұрғындарға 4 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген

Биылғы жылдың 5 айында Шымкент қаласында тұрғындарға МӘМС аясында 4 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Бұл туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында мәлім етті.

 -Ауруды анықтау мақсатында сондай-ақ сандық  рентгенография, колоноскопия және бейне-электроэнцефалография,ультра-дыбыстық зерттеулері қарқынды жүргізіледі. Айта кету қажет, науқасқа диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ жүргізуге жолдама бере алады. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациентте МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесінің болуы тиіс,-деді Қор филиалының директоры Сәуле Дүйенбаева.

МӘМС пакетінде ең көп сұранысқа ие қызметтердің бірі – медициналық оңалту. Шымкент қаласында бұл бағытта 30-ға жуық медициналық ұйым жұмыс істейді. Биылғы жылдың бес айында оңалту орталықтарында  пациенттерге 7 мыңға жуық оңалту қызметі көрсетілген.

Оңалту қызметтері инсульттан кейінгі жағдайларда, ауыр жарақаттарда, кардиохирургиялық операциялардан соң, сондай-ақ созылмалы аурулары бар пациенттер үшін ерекше маңызға ие. Балаларға арналған оңалту қызметтері де кеңейіп келеді. Оның ішінде церебралды сал ауруы, тірек-қимыл аппаратының туа біткен патологиялары және басқа да сырқаттармен ауыратын балаларға қажетті көмек көрсетіледі.

Шымкент қаласында жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артып келеді. Күрделі ота түрлері қазіргі таңда қаладағы 8 медициналық ұйымда жасалады. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған мекеме дәрігерлері жыл басынан бері МӘМС есебінен 200-ден астам жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсеткен.

-Жоғары технологиялы медициналық көмек —  кардиохирургия, нейрохирургия және трансплантология салалары мен қан тамырлары аурулары сынды күрделі операциялар бағытында жүргізілуде. Бұл өз кезегінде күрделі диагнозы бар пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға және ауыр сырқаттардан болатын асқынулардың алдын алуға мүмкіндік беруде,-деді ӘМСҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева.

Сондай-ақ жыл басынан бері медициналық ұйымдарда 55 мыңға жуық пациент стационарлық ем алған. Оның ішінде 47 420 адам медициналық ем-домды МӘМС аясында қабылдаған. Сонымен қатар күндізгі стационарларда 16 мыңға жуық науқасқа медициналық көмек көрсетіліп, оның 90 пайыздан астамы медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *