Шымкентте Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысындағы ауқымды жолайрық құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр

Шымкентте Бәйдібек би мен Төлеметов көшелерінің қиылысындағы ауқымды жолайрық құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қалалық маңызы бар нысандағы жұмыс барысы бекітілген кестеге сай кезең-кезеңімен атқарылуда.

Үшінші мегаполистегі көлік қозғалысын реттеу, жол инфрақұрылымын дамыту және орталық көшелердегі кептелісті азайту мақсатында қолға алынған бұл жобаның қала халқы үшін маңызы зор. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында жер дайындау және инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алдағы кезеңде мамандар көпір тіректерін тұрғызу және негізгі конструкциялық бөліктерді орнату ісіне көшпек.

Құрылыс барысында қозғалыс шектеулері тудыратын қолайсыздықтарды азайту шаралары да қатар ескерілген. Бүгінгі таңда қаладан шығаберіс бағыты бойынша, «T.S.» жанармай құю бекетінің тұсында көлік қозғалысына арналған уақытша өткел ашылды. Бұл аймақтағы автокөлік ағынының тоқтаусыз әрі үздіксіз жүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Нысанның құрылысында ең басты талап – сапа. Осы ретте, атқарылып жатқан жол құрылысы жұмыстарының әрбір кезеңі «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» тарапынан жіті тексеріліп, тұрақты түрде сараптамадан өткізілуде.

Бұл бақылау шаралары жолдың төзімділігі мен қауіпсіздігін халықаралық стандарттарға сай қамтамасыз етуге бағытталған.

Мамандардың айтуынша, жоба толық аяқталғаннан кейін бұл аумақта көлік өткізу қабілеті еселеп артып, кептеліс мәселесі түбегейлі шешілмек. Нәтижесінде, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс ортасы қалыптасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *