Шымкентте бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды

Бүгін, 18 маусымнан бастап Шымкент қаласында 2026–2027 оқу жылына арналған бірінші сыныпқа құжат қабылдау басталды. 

Қазақстан Республикасы  Оқу-ағарту министрлігі бекіткен жаңа кестеге сәйкес, биыл бұл процесс ақпараттық жүйелерге түсетін салмақты азайту және ата-аналарға қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірлер бойынша кезең-кезеңімен ұйымдастырылуда.

Мегаполис ата-аналары немесе баланың заңды өкілдері бүгіннен бастап бүлдіршіндерді мектепке тіркеу үшін тиісті құжаттарды тапсыра алады. Қабылдау науқаны ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.

Құжаттарды қабылдау процесін жеңілдетіп, қолжетімді ету мақсатында бірнеше тиімді тәсіл қарастырылған. Ата-аналар өтінішті «OQU» платформасы, «Электрондық үкімет» (egov.kz) порталы немесе жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелері арқылы онлайн жолдай алады. Сондай-ақ электронды нұсқада қолжетімсіз болған жағдайда, таңдаған білім беру ұйымына тікелей барып тапсыру мүмкіндігі де қарастырылған.

Бірінші сыныпқа қабылдау үшін ата-ананың өтініші, №065-у нысанындағы денсаулық жағдайы туралы анықтама, №052-2/у нысанындағы баланың денсаулық паспорты және 3х4 сантиметр көлеміндегі екі дана фотосурет қажет.

Құжаттарды қабылдау аптаның жұмыс күндері, яғни дүйсенбі мен жұма аралығында жүргізіледі. Шымкент қаласының білім беру саласының мамандары ата-аналарға ақпараттық жүйелердегі кезек кептелісін болдырмау және баланың мектепке уақытылы тіркелуін қамтамасыз ету үшін құжат тапсыруды соңғы күндерге қалдырмай, алдын ала қамдану қажеттігін ескертеді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2026–2027 оқу жылында бірінші сыныпқа 29 474 баланы қабылдау жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 000 балаға артық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *