Шымкенттегі «Келешек мектептері» жанындағы жазғы лагерьлерде балалардың демалысы мазмұнды ұйымдастырылуда. Мұнда оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға және жаңа дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Шымкент қаласындағы №145 «Келешек мектебінде» дәстүрлі «Балдаурен» жазғы сауықтыру лагері жұмыс істеуде. Лагерьге 1–6-сыныптар аралығындағы 480 оқушы қатысуда. Балалардың демалысын қызықты әрі мазмұнды ұйымдастыру мақсатында лагерь жұмысы үш кезеңге бөлініп, қатысушылар 14 топқа топтастырылған.
«Балдаурен» жазғы сауықтыру лагерінде «Күншуақ», «Танысу», «Оқиғаны ойлап табамыз», «Айна», «Тілектер» тақырыптарында түрлі ойындар мен тренингтер ұйымдастырылуда. Тренингтер соңында оқушылар өз ойларын ортаға салып, коммуникативтік қарым-қатынас дағдыларын жетілдіріп, эмоционалдық көңіл күйлерін нығайтуға мүмкіндік алуда.
Лагерь жұмысы 28 мамырда басталды. 28 маусымға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында оқушылар үшін танымдық, спорттық, шығармашылық және зияткерлік бағыттағы іс-шаралар жоспарланған.
Бағдарлама аясында балалар ұлттық тарих пен мәдени мұраны танып-біліп, қазақ тілін интерактивті форматта меңгеруде. Сонымен қатар, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тәжірибелік сабақтарға қатысып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамытуда.
Күн сайынғы жұмыс таңғы жаттығудан басталып, танымдық сабақтармен, шығармашылық жұмыстармен, спорттық ойындармен және түрлі квесттермен жалғасады.
Педагогтердің айтуынша, лагерь оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және жаңа қабілеттерін ашуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 12 мектеп жұмыс істейді. Бүгінде бұл білім беру ұйымдарында шамамен 17 мыңға жуық оқушы білім алуда.