Еңбекші ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті

Шымкент қаласы Еңбекші ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, азаматтарға заң талаптары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және олардың құқықтық мәселелерін шешуге қолдау көрсету.

Акция барысында аудан тұрғындарына құқықтың түрлі салалары бойынша тегін құқықтық кеңестер берілді. Азаматтар тұрғын үй қатынастары, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек даулары, алимент өндіру, жер қатынастары және басқа да құқықтық мәселелер бойынша өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауап алды.

Іс-шара аясында 70-ке жуық азамат қабылданды. Әрбір өтініш иесінің мәселесі жеке қаралып, заң талаптарына сәйкес тиісті түсіндірмелер мен құқықтық көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, тұрғындарға құқықтары мен міндеттері жөнінде ақпарат беріліп, заң аясында әрекет ету жолдары түсіндірілді.

Мамандардың айтуынша, мұндай кездесулер халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға да оң ықпал етеді. Азаматтардың заң талаптарын білуі мен құқықтық сауаттылығының артуы қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Шымкент қаласының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Алдағы уақытта да тұрғындарға құқықтық көмек көрсетуге бағытталған осындай ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары тұрақты түрде жалғасын табады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *