Шымкентте жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Мегаполистің Текесу тұрғын алабында Қала күні мерекесі қарсаңында заманауи мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жергілікті жұртшылық көптен күткен әлеуметтік нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

Жаңа мәдениет үйі – құрғақ уәде емес, нақты істің жемісі. Тұрғындар заманауи мәдениет ошағын салу мәселесін 2025 жылдың бірінші тоқсанында қала басшысының көшпелі кездесуі кезінде көтерген болатын. Осыған дейін аймақта балалар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, шығармашылық бастамаларды шыңдауға арналған лайықты кеңістік болмаған еді.

Қалалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыс пен әкімнің халықпен кездесуде берген тапсырмасы араға уақыт салмай өз нәтижесін көрсетті. Бүгінде ескі, талапқа сай келмейтін ғимараттың орнына заманауи нысан бой көтеріп, халық ігілігіне айналды.

Айта кетерлігі, аталған жоба толығымен демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Бұл – мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі мен қалалық ортаны көркейтуге бағытталған өзара тиімді ынтымақтастығының жарқын үлгісі.

Салтанатты шарада сөз алған шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мен тұрғындарға қолайлы жағдай жасау әкімдіктің негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін қадап айтты.

 «Бұл мәдениет үйі тек ғимарат емес, ол – осы аймақтың қоғамдық өмірінің маңызды орталығы. Мұнда жастардың шығармашылық тұрғыдан дамуына, түрлі мәдени іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге барлық мүмкіндік бар», – деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Жаңа нысанда мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге, шығармашылық кездесулер ұйымдастыруға және әртүрлі үйірмелердің жұмысын жүргізуге барлық жағдай жасалған.

Текесудегі бұл игі оқиға Шымкентті заманауи, жайлы және қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретінде қалыптастыру стратегиясының маңызды бөлшегі іспетті. Жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдерінің және тұрғындардың бірлескен әрекеті қала шетіндегі шағын аудандардың да мәдени деңгейін көтеруге болатынын дәлелдеді.

Жалпы, бұл орталық тұрғындар арасындағы рухани әрі әлеуметтік байланысты нығайтатын негізгі алаңға айналмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *