Шымкент қаласының білім беру ұйымдары арасында өткен ауқымды «Жастар лигасы – 2026» спорттық жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі болды.

Іс-шараға Шымкент қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлы Дәрменов пен Шымкент қаласының Білім басқармасының басшысы Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов қатысып, жарыс жеңімпаздарын құттықтады.
Салтанатты жиында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Қуаныш Ысқақов сөз сөйлеп, жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Бұл – жас ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың денсаулығын нығайтуға, тәртіп пен табандылыққа тәрбиелеуге арналған жарыс болды. Сайысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен спорт басқармасына рақмет айтамын. Жарысқа қатысып, өз шеберліктерін көрсеткен барлық оқушыларымызға алғыс білдіремін, – деді Қуаныш Ысқақов.
Жарыс өткен жылдың қазан айынан бастап осы жылдың маусым айына дейін футбол, футзал, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, қол добы, тоғызқұмалақ, шахмат және дойбы сынды спорт түрлерінен ұйымдастырылды. Сегіз айға созылған додаға қаладағы 147 мектептен 5300-ге жуық оқушы қатысты.
Жалпы командалық есепте Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясы бірінші орынды иеленді. Екінші орын Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясына бұйырса, №52 мектеп-лицейі үздік үштікті қорытындылады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы диплом, медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Жастар лигасы – 2026» сайысы мектеп оқушылары арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жас спортшылардың жаңа жетістіктерге ұмтылуына серпін берген маңызды спорттық жоба ретінде есте қалды.