Shymkent City шағынауданында жаңа саябақ ашылды

Қала күні қарсаңында  Shymkent City шағынауданында  жаңа саябақтың ашылу рәсімі өтті.  Салтанатты  шараға Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысты,- деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі.

Аумағы 4,2 гектар болатын жоба нәтижесінде қаладағы ірі қоғамдық кеңістіктердің бірі қалыптастырылып, тұрғындардың демалысына, серуендеуіне және бос уақытын өткізуіне арналған заманауи аймақ пайдалануға берілді.

Shymkent City шағынауданындағы жаңа саябақта  жаяу жүргіншілер аймақтары жасалған. Отбасылық демалысқа, тынығуға және мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізуге арналған кеңістіктер қарастырылған.  Аумақты көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінген.  Өңір климатына бейімделген шынар, үйеңкі, шаған, катальпа, қарағай және басқа да ағаш түрлері отырғызылған.

Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов бұл саябақтың маңызын атап өтті.

Оның айтуынша, қалада абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, көшелерді көгалдандыру, гүл егу және жасыл аймақтарды күтіп-ұстау мәселелері жүйелі түрде қолға алынған. Сондай-ақ суару инфрақұрылымын дамыту мақсатында көптеген ұңғымалар қазылып, жасыл желектерді сумен қамтамасыз ету жолға қойылған.

«Қалада тұрғындардың серуендеуіне, демалуына барлық жағдай жасалып жатыр. Бүгін ашылып отырған Shymkent City аумағындағы демалыс аймағының екінші бөлігі — соның нақты дәлелі. Мұнда тұрғындар саны артып жатқандықтан, осындай қоғамдық кеңістіктер өте қажет. Жастар кешкі уақытта серуендеп, демалып, кітап оқи алады. Ал үлкендеріміз келіп, бір-бірімен әңгіме-дүкен құруына қолайлы орын жасалған», — деді ол.

Жобаның маңызды бөлігі ретінде жаңа сәулеттік және көркемдік нысандар орнатылған.  Олардың қатарында Қазақстан мемлекеттілігінің негізгі кезеңдерін бейнелейтін Qazaq Eli барельефі ерекше орын алады.

Сондай-ақ еліміздің тарихи-мәдени мұрасын дәріптейтін Глобус арт-нысаны орнатылған. Оның безендірілуінде қазақ халқының дәстүрлері, ұлттық рәміздер және Шымкенттің көрікті орындары көрініс тапқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *