Жаз мезгілі басталысымен Шымкент қаласында аптап ыстық күшейіп, құрғақ шөп пен қоқыстың тұтану қаупі де арта түседі. Бұл жағдай Төтенше жағдайлар министрлігі мен қала әкімдігінің тұрақты бақылауында. Бұл туралы Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Олжас Қырықбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері қала аумағында құрғақ шөп пен қоқыстың жануына байланысты 53 жағдай тіркелген. Бұл ретте алдын алу шараларының жүйелі түрде жүргізіліп отырғаны атап өтілді.
Қала тұрғындары арасында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы 300-ден астам түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған 19 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл дерек 86 профилактикалық рейдтің қорытындысы бойынша анықталған.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Олжас Қырықбаевтың айтуынша халық көп шоғырланатын демалыс орындарында тұрақты рейдтер жүргізіліп келеді.
Өрттің алдын алу мақсатында өрт сөндіру бекеттері, бақылау мұнаралары толық дайындыққа келтірілген. Сондай-ақ өрттің кең аумаққа таралуын болдырмау үшін 586 шақырым минералды жолақ жасалған. Бұдан бөлек, мамандардың кәсіби даярлығы күшейтіліп, арнайы оқу-жаттығулар өткізілген.
Биыл мамыр айында республикалық деңгейде «Өрт-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимылдар пысықталған.
Мамандардың айтуынша, өрт ошақтарын ерте анықтау және рұқсатсыз қоқыс орындарын жою мәселесі әлі де өзекті болып отыр.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға және табиғатқа жауапкершілікпен қарауға шақырады.