«Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттау мақсатында Тұран ауданы прокуратурасының ұйымдастыруымен «Құқықтық дәріхана» акциясы өтті.

Қабылдау барысында азаматтар тұрғын үй қатынастары, жер заңнамасы, әлеуметтік қамсыздандыру, еңбек құқықтары, алимент өндіру, атқарушылық іс жүргізу, кәсіпкерлік қызмет, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және басқа да құқықтық сипаттағы өзекті мәселелер бойынша сауалдарын жолдады.
Барлық өтініштер мен сұрақтар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралып, азаматтарға толық әрі түсінікті құқықтық түсіндірмелер берілді.
Сонымен қатар, прокуратура қызметкерлері әрбір өтініш иесінің мәселесіне жеке тоқталып, олардың заңмен қорғалатын құқықтары мен мүдделерін қорғау тетіктерін түсіндірді. Азаматтарға өз құқықтарын жүзеге асыру жолдары, уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі, өтініштерді рәсімдеу және қарау мерзімдері жөнінде кеңестер берілді. Жекелеген мәселелер бойынша нақты құқықтық ұсынымдар әзірленіп, өтініштерді әрі қарай қарау үшін жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелерге жолдау жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шара нәтижесінде 50-ге жуық азамат қабылданып, олардың құқықтық сипаттағы сұрақтарына жауап беріліп, білікті құқықтық көмек көрсетілді. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер бойынша қажетті ақпарат алып, заң аясында шешу жолдарымен танысты.
Осындай қоғамдық қабылдаулар мен құқықтық ағарту шаралары халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға, азаматтар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара байланысты нығайтуға, сондай-ақ қоғамда құқықтық мәдениет пен заңға құрмет қағидаттарын қалыптастыруға оң ықпал етеді.
Тұран ауданы прокуратурасы алдағы уақытта да тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың заңды құқықтарын қорғауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыра бермек.