ШЫМКЕНТ – КӨШ БАСЫНДА. KUNDELIK.KZ ПЛАТФОРМАСЫНЫҢ АЛТЫН БЕЛГІСІ ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкент қаласы электронды журнал мен күнделікті жүргізуде республика бойынша ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

Осыған орай «Күнделік» ЖШС жетекшілері Шымкент қаласының білім басқармасына, қалалық әдістемелік кабинетке, аудандық білім бөлімдері мен мектеп ұжымдарына ерекше жетістікті айғақтайтын «Алтын белгі» марапатын салтанатты түрде табыстады.

Бұл жоғары марапат Kundelik.kz платформасын жауапкершілікпен әрі сапалы толтыруға, ең жоғары нәтижеге қол жеткізуге байланысты беріліп, цифрлық білім беру платформасын тиімді әрі нәтижелі пайдалану бағытындағы ауқымды жұмыс жоғары бағаланып отыр.

Шымкент қаласы соңғы жылдары цифрлық білім беру жүйесін дамытуда және заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізуде республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Шымкенттік оқушылар биыл «Күнделік» пен Halyk Bank бірлесіп жүзеге асырған «Үздік бағаларға – бонустар» бағдарламасы аясында демеушілердің арнайы қорынан жалпы көлемі 48,8 миллион теңге сыйақыны жеңіп алды.

2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша мегаполисте 488 өрен үздік шығып, әрқайсысы 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай бонусқа ие болған. Ауқымды жобаға шаһардағы 198 мектептің шәкірттері қатысып, жоғары үлгерімдерін көрсетіп отыр.

Статистика бойынша, жүлдегерлердің ең көбі 8 сыныптар арасында тіркелген – 95 оқушы. Одан кейінгі орындарда 9 сыныптар (82), 7 сыныптар (77) және 11 сыныптар (66) орналасқан.

Білім ұяларының арасында А.Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия, №23 мектеп-лицей, Ұлықбек атындағы №3 орта мектебі және М.Х.Дулати атындағы №8 мамандандырылған гимназия оқушылары алда келеді.

Осылайша шымкенттік жеткіншектер биыл тек білім сапасын көрсетіп қана қоймай, өздерінің үздік бағаларын қомақты табысқа айналдыра білді.

Демеуші компаниялардың өрендерді қолдауға бағытталған бұл жобасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *