«Оқу – инемен құдық қазғандай» дейді халқымыз. Білім жолында әрбір жаңа қадам адамның көкжиегін кеңейтіп, болашаққа деген көзқарасын қалыптастырады. Осы орайда Шымкент қаласы білім басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан «PROFSTAR» кәсіби бағдар беру жобасы бізге мамандықтар әлемінің сан қырын танытып, өмірлік жолымызды айқындауға үлкен мүмкіндік беруде.

Жоба аясында бүгін біз Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің құрылыс саласына қатысты зертханасында болдық. Бұл жай ғана экскурсия емес, ғылым мен өндірістің үндескен ортасына жасалған танымдық сапар болды.
Зертханаға кірген сәттен бастап бізді түрлі құрылғылар мен арнайы аппараттар қарсы алды. Алғашында олардың қызметі түсініксіз көрінгенімен, мамандардың түсіндіруінен кейін әр құралдың өз орны мен маңызы бар екенін ұқтық. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақылдың мәні дәл осы жерде айқын сезілді. Өйткені құрылыс саласында әрбір материалдың сапасы мұқият тексеріліп, әр көрсеткіш нақты есептеледі екен.
Мамандар бізге түрлі құрылыс материалдарының беріктігі мен төзімділігін анықтайтын аппараттардың жұмысын көрсетті. Біз ғылыми зерттеулердің нәтижесі қағаз бетінде ғана қалмай, нақты өмірде қолданылатынын көрдік. Бүгінгі заманауи ғимараттардың қауіпсіздігі мен сапасының артында осындай зертханалардағы тынымсыз еңбек жатқанын түсіндік.
«Еңбек түбі – береке» дейді дана халқымыз. Көзге көрінбейтін осындай жұмыстардың арқасында тұрғын үйлер, мектептер мен түрлі нысандар сапалы салынып, халық игілігіне қызмет етеді. Ғылым мен еңбектің сабақтастығы қоғам дамуының берік іргетасы екеніне көз жеткіздік.
Бұл кездесу бізге тек жаңа ақпарат қана беріп қойған жоқ. Ол ғылымға деген қызығушылығымызды арттырып, әр мамандықтың артында үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбек жатқанын ұғындырды. Бүгінгі сапардан кейін «білімдіге дүние жарық» деген сөздің мәнін тереңірек түсінгендей болдым.
«PROFSTAR» жобасы бізге болашаққа сеніммен қарауды, мамандық таңдауға саналы көзқарас қалыптастыруды үйретуде. Өйткені елдің ертеңі – білімді жастардың қолында. Ал біз сол жарқын болашақты қалыптастыратын ұрпақ болуға талпынып келеміз.
Кәусар ӘБДІНӘБИ,
№90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы.