Шымкентте балалардың жазғы демалыстағы қауіпсіздігі күшейтілді

Бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өтті. Баспасөз конференциясында балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, құқық бұзушылықтар мен төтенше жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды.

Брифингке Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдыбаев, Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріп, қалалық полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы Сапарғали Мамытов және Шымкент қаласының Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Мөлдір Кеуенова қатысты.

Мамандардың айтуынша, қалада суға түсуге рұқсат етілген үш орын белгіленген. Сонымен қатар, суға түсуге тыйым салынған 13 қауіпті аумақ анықталып, ескерту тақтайшалары орнатылған. Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сәуір айынан бері 137 рейд ұйымдастырылған.

Брифинг барысында балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлау оқиғаларына ерекше назар аударылды. Жыл басынан бері төрт жағдай тіркеліп, оның салдарынан екі бала қаза тауып, екі бала жарақат алған. Осыған байланысты «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында алдын алу жұмыстары күшейтілген.

Сондай-ақ полиция қызметкерлері балалардың жол-көлік оқиғаларына ұшырауының алдын алу және қоғамдық орындардағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты.

Жиын соңында мамандар ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға, қауіпсіздік ережелерін сақтауға және әр баланың өмірі мен денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімінің 2026 жылғы 19 мамырдағы №2215 қаулысына сәйкес Балалар құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Басқарманың негізгі міндеттерінің бірі – балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңды мүдделерін сақтау.

Балалардың құқықтарының бұзылуы немесе олардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлар туралы ақпарат белгілі болған жағдайда азаматтар келесі байланыс арналарына хабарласа алады:

* 111 – Отбасы, әйелдер және балалар мәселелері жөніндегі байланыс орталығы (тәулік бойы);

* 1310 – Психологиялық қолдау қызметі;

* 102 – Полиция органдарының жедел желісі;

* 103 – Жедел медициналық жәрдем қызметі.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының тұрғындары балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәулік бойы ақпараттық-консультациялық көмек ала алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *