Шымкент колледждеріне құжат қабылдау 25 маусымда басталады

Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына талапкерлерден құжат қабылдау 25 маусымнан басталады. Жаңа 2026-2027 оқу жылында қала колледждерінде тағы 6 мыңнан астам студент мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Жергілікті бюджет есебінен бөлінген мемлекеттік тапсырыс өңірдегі 28 колледжге орналастырылды. Оның ішінде білім беру саласына – 310, өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына – 373, әлеуметтік ғылымдар және ақпарат саласына – 50, кәсіпкерлік, басқару және құқық саласына – 125, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына – 861 орын қарастырылған.

Сондай-ақ инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына ең көп – 3141 грант бөлінді. Бұдан бөлек, ветеринария саласына – 25, денсаулық сақтау саласына – 365 және қызмет көрсету саласына – 750 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы №578 бұйрығымен бекітілген қабылдау қағидаларына сәйкес талапкерлердің өтініштері колледждер арқылы немесе «электрондық үкіметтің» www.egov.kz порталы арқылы қабылданады.

Білікті жұмысшы кадрларды даярлауға бағытталған білім беру бағдарламалары бойынша құжат қабылдау 25 маусым мен 27 тамыз аралығында жүргізіледі. Ал кешкі оқу нысанына түсушілер үшін өтініш қабылдау 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

Орта буын мамандары мен қолданбалы бакалаврларды даярлайтын бағдарламалар бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде күндізгі оқу нысанына құжаттар 25 маусым мен 22 тамыз аралығында қабылданады. Ақылы бөлімге құжат тапсыру мерзімі – 27 тамызға дейін.

Шығармашылық дайындықты талап ететін мамандықтарға құжаттар 20 шілдеге дейін қабылданса, педагогикалық және медициналық мамандықтарға түсушілер үшін қабылдау мерзімдері білім деңгейіне қарай 10 немесе 15 тамызға дейін жалғасады.

Осылайша, мыңдаған жасқа сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алып, еңбек нарығында қажетті кәсіп иесі атануға мүмкіндік беріліп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *