Шымкентте монополияға қарсы бақылау күшейтілді

Шымкент қаласында монополияға қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету және адал бәсекелестікті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Ернар Қосбаев мәлімдеді.

Департамент басшысының  мәліметінше, қазіргі уақытта «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Шымкент өндірістік филиалына қатысты тергеп-тексеру жүргізілуде. Тергеу барысында тұтынушыларға тұрмыстық газды пайдалану қағидаларын бұзды деген негізде актілер толтырып, қайта есептеу жүргізу арқылы нарықтағы үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері қарастырылып жатыр.

Сонымен қатар, «ASSAD GROUP» жеке кәсіпкерінің әлеуметтік желілерде жариялаған жарнамалық бейнероликтеріне қатысты да тексеру жүргізілуде. Монополияға қарсы орган кәсіпкердің өз өнімдерін өзге нарық субъектілерінің тауарларымен орынсыз салыстырған болуы мүмкін деген күдікті қарастыруда.

Жыл басынан бері заң бұзушылық белгілеріне байланысты төрт хабарлама шығарылған. Олардың басым бөлігі коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдарға қатысты. Атап айтқанда, «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС тұтынушыларға заңнамада көзделмеген қосымша талаптар қойғаны үшін назарға ілінсе, «Газ Продукт-ТОВДГО» ЖШС көрсетілмеген қызмет үшін төлем талап ету дерегі бойынша назарға ілінген.

Департаментке 2026 жылдың алғашқы алты айында азаматтардан 328 өтініш келіп түскен. Оның 184-і қаралып, 33-і қаралу үстінде, ал 111 өтініш құзыретіне сәйкес басқа мемлекеттік органдарға жолданған. Есепті кезеңде мерзімі өткен өтініштер тіркелмеген.

Сонымен қатар, жыл басынан бері тоғыз тауар нарығы мен 28 мемлекеттік кәсіпорынға мониторинг жүргізілген.  Нәтижесінде бес мемлекеттік кәсіпорынға заң талаптарын сақтау жөнінде нұсқама беріліп, мемлекеттік сектор қызметіне қатысты сегіз өтінішхат қаралған.

Мамандардың айтуынша, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтағы адал бәсекелестікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Егер азаматтар көрсетілмеген қызмет үшін төлем талап ету немесе өзге де заңсыз әрекеттерге тап болса, монополияға қарсы органға жүгіне алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *