Алматы облысынан келген делегация Шымкенттің цифрлық тәжірибесімен танысты

Алматы облысы Шымкенттің цифрлық шешімдерін зерделеді,-деп хабарлайды Bozyq.kz тілшісі.

Шымкент қаласының білім саласын цифрландыру бағытындағы тәжірибесіне өзге өңірлер тарапынан қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты Алматы облысының білім басқармасы өкілдерінен құралған делегация Шымкент қаласына арнайы жұмыс сапарымен келді.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек делегация мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау, басқару процестерін автоматтандыру, білім сапасын бақылау тетіктері, деректерді тиімді пайдалану және заманауи цифрлық платформаларды енгізу мәселелері талқыланды.

Жұмыс сапары аясында қонақтар №1 А.С. Пушкин атындағы мектеп-гимназиясында енгізілген «Aiqyn» жүйесінің жұмысымен танысып, білім беру ұйымдарында қолданылып жатқан цифрлық шешімдердің мүмкіндіктерін көрді. Сонымен қатар делегация Шымкент қаласы полиция департаментінің Жедел басқару орталығына барып, қауіпсіздік пен жедел басқару саласында қолданылатын цифрлық технологиялармен танысты.

Мамандар мұндай тәжірибе алмасу кездесулері өңірлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, білім беру жүйесіндегі тиімді цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Білім беру жүйесін цифрландыру – сапалы білімге қолжетімділікті арттырудың, басқару тиімділігін күшейтудің және ашықтықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Өңіраралық тәжірибе алмасу үздік тәжірибелерді зерделеуге, тиімді шешімдерді енгізуге және білім беру жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

Сапар барысында зерделенген тәжірибелерді Алматы облысының білім беру ұйымдарында қолдану мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *