Көкшетау қаласында өткен XII халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны өтті. Шымкент қаласының намысын қорғаған «Сұңқар» командасы жалпы командалық есеп бойынша ІІ орынды жеңіп алды.

Биылғы жиынға Қазақстанның барлық өңірлерімен қатар, шетел мемлекеттерінен келген 64 команда қатысты. Қала құрамасы 14 мектептің 9–10-сыныптарында білім алатын 14 оқушыдан жасақталды. Олар халықаралық деңгейдегі беделді додада жоғары дайындықтарын, темірдей тәртіптерін және шыңдалған жауынгерлік рухтарын дәлелдеп, үздіктер қатарынан көрінді.

Жарыс барысында қатысушылар әскери-қолданбалы спорт түрлері, тактикалық дайындық, кедергілер жолағынан өту, зияткерлік сайыстар және командалық кезеңдер бойынша өзара бақ сынасты. Шеберлік пен төзімділікті талап еткен әр кезеңде шымкенттік жас сарбаздар жоғары нәтиже көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жетістік – жүйелі дайындықтың, ұстаздар мен жаттықтырушылардың тынымсыз еңбегінің және жастардың жеңіске деген жігерінің жемісі.

Салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысып, жарысқа қатысушылармен жүздесті. Мемлекет басшысы Дубайдың SWAT Challenge үлгісіндегі күрделі кедергілер жолағы мен Action Air ату аймағындағы жастардың дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

Президент қатысушылармен қол алысып амандасып, естелік суретке түсті. Бұл сәт жас сарбаздар үшін ұмытылмас естелікке айналып, олардың қуанышын еселей түсті.
Айта кетейік, «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны 2015 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Ал 2023 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болды. Биылғы жиынға Қазақстаннан бөлек Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның командалары қатысты.