2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда экономиканың негізгі салаларында жұмыспен қамтылғандар санының өскені байқалды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп, құрылыс, білім беру, сондай-ақ денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету салаларында оң динамика тіркелді.

Жұмыспен қамтылғандар саны бойынша көш басында бұрынғысынша көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласы тұр. Бұл бағытта 1 млн 571,4 мың адам еңбек етеді. Бұл – еліміздегі жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 16,7 пайызы.
Білім беру саласында 1 млн 251 мың адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 0,5 пайызға артқан.
Өнеркәсіп саласында жұмыспен қамтылғандар саны 1 млн 185,7 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 2 пайызға өсті. Оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласында еңбек ететіндер саны 298,3 мың адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4 пайызға көбейді.
Құрылыс саласында да өсім сақталып, мұнда жұмыспен қамтылғандар саны 643,8 мың адамға жетті. Өңдеу өнеркәсібінде 624,8 мың адам еңбек етсе, денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында 616,7 мың адам жұмыс істейді. Ал көлік және қоймалау саласында жұмыспен қамтылғандар саны 663,2 мың адамды құрады.
Жалпы, 2026 жылдың І тоқсанының қорытындысы еңбек нарығындағы тұрақты үрдісті көрсетті. Негізгі экономикалық салалардың басым бөлігінде жұмыспен қамту көрсеткіштері оң өсім сақтап, еңбек нарығының тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады. Экономиканың негізгі салаларындағы белсенділіктің артқанын көрсетеді.
Сарапшылардың пікірінше, негізгі салалардағы өсім еңбек нарығының тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.