Заң көмегіне қолжетімділікті арттыру, тұрғындардың құқықтық сауатын көтеру және азаматтарды толғандырған мәселелерге жедел жауап беру мақсатында Шымкентте «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Қала әкімінің тапсырмасымен ұйымдастырылған шара биыл үшінші рет өткізілді.

«Арбат» саябағында өткен акция барысында 76 азаматқа тегін құқықтық кеңес көрсетілді. Қабылдауға жергілікті атқарушы органдардың, құқық қорғау және аумақтық органдардың өкілдері, прокуратура қызметкерлері, тергеушілер, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, нотариустар және «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының мамандары қатысты.
Тұрғындар мұрагерлік рәсімдеу, өсиет қалдыру, тұрғын үйді сатып алу-сату, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, кәсіпкерлік, тұрғын үй бағдарламалары және өзге де құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.
Мамандардың айтуынша, соңғы уақытта мұрагерлікке қатысты сұрақтар жиі қойылады. Азаматтар мұраны қабылдау мерзімі, қажетті құжаттар мен рәсімдеу тәртібіне қызығушылық танытса, егде жастағы тұрғындар өсиет жасау мәселесі бойынша кеңес алады. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу кезіндегі құжаттарды рәсімдеу тәртібі мен заңнамадағы өзгерістер де көпшілікті қызықтырады.
Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының заңгері Фатима Сариеваның айтуынша, кәсіпкерлік саласына қатысты өтініштер де аз емес.
– Акция барысында кәсіпкерлер мен кәсіп ашуды жоспарлаған азаматтар мемлекеттік қолдау шаралары, жер телімдерін рәсімдеу, рұқсат құжаттарын алу және заң талаптарына қатысты сұрақтармен жүгінеді. Мұндай қабылдаулар тұрғындардың бірнеше саланың маманынан бір жерде кеңес алуына мүмкіндік береді, – деді Фатима Сариева.
Әрбір азаматқа өз мәселесіне қатысты құқықтық түсіндірме беріліп, алдағы әрекеттері мен қажетті құжаттар тізімі түсіндірілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Халық заңгері» акциясына қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мұндай қабылдаулар тұрғындардың құқықтық сауатын арттырып, құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік береді.