Шымкентте академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің түлектеріне диплом табысталды,-деп хабарлайды Bozyq.kz.

Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті. Мерекелік шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, түлектер үшін ерекше сәтке айналды.

Салтанатты жиын барысында бакалавр, магистратура және PhD бағдарламаларын аяқтаған түлектерге дипломдар табысталып, оқу, ғылым, спорт және қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытқан жастар арнайы марапаттарға ие болды.
Университет ұжымы мен ұйымдастырушылардың айтуынша, оқу орны құрылған уақыттан бері 64 782 түлек даярлап, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде түлектер мемлекеттік қызмет, білім беру мен ғылым, денсаулық сақтау, өндіріс, кәсіпкерлік және өзге де салаларда табысты еңбек етуде.

Салтанатты шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, бизнес қауымдастық мүшелері, әскери және құқық қорғау саласының өкілдері, сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар мен түлектер қатысты. Қонақтар жас мамандарға ізгі тілектерін білдіріп, олардың ел дамуына қосатын үлесіне сенім артты.
Шара барысында спикерлер түлектерді жаңа өмір кезеңімен құттықтап, алған білімдерін ел игілігі жолында тиімді пайдалануға шақырды. Университет басшылығы да жастарға кәсіби табыс, жарқын болашақ және жауапты қызмет тіледі.
Салтанатты рәсім соңында түлектер үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күй сыйланды. Жас мамандар бұл күнді өмірлеріндегі маңызды белес ретінде атап өтті.