Шымкентте 2026–2027 оқу жылына балабақшаға қабылдау басталды

Шымкентте мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау жұмыстары басталды,-деп хабарлайды Bozyq.kz.

Бұл үдеріс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастыру» жөніндегі пилоттық жоба қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуда.

Жазғы жасақтау жұмыстары аясында 2026 жылғы 20–30 маусым аралығында жаңа оқу жылына көшу және тәрбиеленушілердің жас ерекшеліктеріне сәйкес топтарды қайта құру шаралары жүргізілді. Сонымен қатар, ата-аналардың өтініштері негізінде және балабақша басшылығының шешімімен балаларды жас ерекшелігіне қарай келесі топтарға ауыстыру немесе есептен шығару рәсімдері атқарылды.

Бұл өзгерістер мектепке дейінгі білім беру жүйесінің қолжетімділігін арттырып, орындарды әділ бөлуге бағытталған.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша «Balabaqsha» ақпараттық жүйесінде мектепке дейінгі ұйымдарда бос орындар қалыптасты. Осыған байланысты ваучерлерді ұсынуға мүмкіндік пайда болды.

Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылы мектепке дейінгі ұйымдарға шамамен 15 мың бала қабылданады деп күтілуде. Ваучерлік қаржыландыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу аясында осы көлемдегі балаларға ваучер беру жоспарланған.

Ваучерлер балабақшаларда бос орындардың пайда болуына қарай кезектілік тәртібімен беріледі. Бұл процесс толықтай автоматтандырылған түрде «Balabaqsha» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе мектепке дейінгі білім беру саласындағы орындардың ашықтығын арттырып, ата-аналар үшін балабақшаға орналастыру процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *