277 жас маманға диплом табысталды

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-экономикалық колледжінде  «Graduation – 2026» салтанатты рәсімі. Биыл оқу орнын 277 студент тәмамдап, олардың 17-сі үздік диплом иегері атанды.

Салтанатты жиынды колледж директоры Арынбекова Ажар Серіковна ашып, түлектерге ақ жол тілеп, олардың білім жолындағы табандылығы мен жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, үздік диплом иегерлеріне дипломдарын салтанатты түрде табыстап, ата-аналардың еңбегі мен қолдауына алғыс білдірді.

Іс-шараға қатысқан құрметті қонақтар да жас мамандарды құттықтап, дипломдарын табыстады. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі, «Қазақстан әйелдерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрайымы Баян Жандосова «Автомобиль көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығының түлектеріне диплом тапсырды.

Ал Абай ауданы бойынша Мансап орталығының басшысы Дария Ордабаева «Бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандығының бітірушілерін құттықтап, дипломдарын табыстады.

Шымкент қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының кеңесшісі, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, полковник Серікбай Оңбаев пен Шымкент қаласы Еңбекші және Қаратау аудандары Қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының тәрбие және идеология жұмыстары тобының бастығы, лейтенант Дамира Жалмұрзаева «Дене тәрбиесі және спорт» мамандығы түлектеріне дипломдарын табыстады.

Сонымен қатар, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, ақын-жазушы Марғуба Мұхтарқызы, №29 Әлия Молдағұлова атындағы жалпы орта білім беретін мектептің директоры Майра Мамахова, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Маржан Абдуалиева түрлі мамандықтардың түлектеріне дипломдарын табыстап, ізгі тілектерін жеткізді.

Мерекелік кештің сәнін колледждің белсенді студенттері Жұлдыз Абдураимова мен Нұрислам Базарбайдың әсерлі музыкалық тартуы келтіріп, түлектерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласындағы 37 колледжден 14 мыңнан астам жас маман диплом алып шықты. Олар енді еңбек нарығына қадам басып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қоспақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *