Шымкентте Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті

Елімізде 2018 жылдан бері шілденің алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні аталып өтеді.

Screenshot

Осыған орай Шымкентте мерекелік шаралар сән-салтанатымен басталды. Қала тұрғындары мен қонақтары «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің Этноауыл аумағында өткен «Домбыра – ұлттың үні, Конституция – елдің тірегі» атты мәдени іс-шараға қатысты.

Мерекеде кітап және қолөнер көрмелері ұйымдастырылып, келушілер халқымыздың бай мәдени мұрасымен танысты. Сондай-ақ домбыра жасаушы шеберлер ұлттық аспапты әзірлеудің қыр-сырын көрсетіп, шеберлік сағаттарын өткізді.

Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған алаңда белгілі шеберлер Дастан Шаменов, Нұрперзент Үсенов, Нұрлыбек Шәкенұлы және Ержан Шәкенұлы домбыра жасаудың ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Отыз жылдан астам уақытын осы кәсіпке арнаған Дастан Шаменов пен Нұрперзент Үсенов бүгінде ұлттық аспапқа сұраныстың жоғары екенін атап өтті.

Screenshot

– Домбыра – қазақтың жаны. Қазір ұлттық өнерге қызығатын жастар көбейіп келеді. Соған сай домбыраға деген сұраныс та артып отыр, – дейді шеберлер.

Шараға қала мектептеріндегі домбыра үйірмелерінің 100-ден астам шәкірті қатысып, күй орындады. Сонымен қатар олар шеберлердің тағылымды дәрістерін тыңдап, ұлттық мұраны сақтаудың маңызымен танысты.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – Швециядан келген 23 жастағы София Рованың домбыра орындауы болды. Ол бес жыл бойы домбыраны интернет арқылы өздігінен үйреніп, қазақтың күй өнеріне деген қызығушылығының арқасында Қазақстанға арнайы келген. София домбыра тарихын тереңірек зерттеп, орындаушылық шеберлігін жетілдіруді мақсат етеді.

Ұйымдастырушылар мерекелік іс-шараның Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне ену кезеңімен сабақтастырыла өткізілгенін атап өтті.

Мерекелік кештің көркін «Шымкент концерт» концерттік ұйымының «Қаратау» фольклорлық ансамблі орындаған халық күйлері мен дәстүрлі әндер аша түсті. Ашық аспан астындағы концерт көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *