Шымкентте атқарушылық іс жүргізу жүйесі цифрландырылуда

Шымкентте атқарушылық іс жүргізу жүйесі жаңғыртылып жатыр.  Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова мәлімдеді.

Департамент басшысының айтуынша, бүгінде қалада 8 мемлекеттік және 155 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. 2026 жылдың І жартыжылдығында «Робот-сот орындаушы» жүйесі арқылы 15 033 атқарушылық іс аяқталып, 338 млн теңге өндірілген. Бұл жүйе қарапайым атқарушылық құжаттарды автоматты түрде орындап, қызмет көрсету мерзімін қысқартуға және сот орындаушыларының жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Брифинг барысында атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған жаңа заңның негізгі жаңалықтары да таныстырылды. Атап айтқанда, мерзімі өткен атқарушылық құжаттар бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын автоматты түрде тоқтату, оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу аясын кеңейту, жеке сот орындаушыларын аттестаттау және олардың қызметіне бақылауды күшейту көзделген. Сондай-ақ сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымданудың міндетті сотқа дейінгі тәртібі енгізілген.

Азаматтарға қолайлы цифрлық сервистердің бірі – «Тараптар кабинеті». Бұл жүйе арқылы өндіріп алушылар мен борышкерлер атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн бақылап, сот орындаушысына электронды өтініш жолдап, қабылданған шаралар туралы жедел ақпарат ала алады.

Сонымен қатар алимент өндіру бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері борышкерлерді жұмыспен қамту мақсатында 9 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, нәтижесінде 254 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан.

Әділет департаменті құқықтық қызметтерді цифрландыру жұмыстарын да жалғастырып келеді. Бүгінде тұрғындар құқықтық кеңесті «Е-заң көмегі» қосымшасы, eGov порталы арқылы ала алады. Ал нотариат саласында «Е-нотари» платформасы арқылы бірқатар қызметтер қашықтан көрсетілуде. Сонымен қатар құқықтық мәселелер бойынша тәулік бойы кеңес беретін жасанды интеллект негізіндегі чат-ботты іске қосу жоспарланып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *