Шымкентте бұрынғы Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру лагеріне қайта бейімделді. Мұнда пән олимпиадаларының жеңімпаздары, ғылыми жоба авторлары мен спортта үздік нәтиже көрсеткен оқушылар 12 күн бойы демалып, білімін жетілдіруге мүмкіндік алады.

Лагерь бағдарламасы балалардың интеллектуалдық, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. Оқушылар үшін викториналар, «IQ дода» зияткерлік сайыстары, актерлік шеберлік сабақтары, танымдық ойындар мен түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады.
«Бұл лагерь жыл бойы жұмыс істейді. Әр ауысымда 30 баланы қабылдаймыз. Олар мұнда 12 күн демалады. Жыл ішінде 500-ге жуық оқушыны қамтуды жоспарлап отырмыз. Балалардың тізімін бізге қалалық Білім басқармасы ұсынады. Болашақта осы оқушылар республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобаларда қаланың, елдің намысын қорғайды деп сенеміз», – дейді №2 Оқушылар сарайының басшысы Данияр Егізбаев.
Олимпиада жеңімпазы Мәриям Сабырхан мұндай ортада демалып, өзі секілді дарынды оқушылармен тәжірибе алмасудың үлкен мүмкіндік екенін айтты.
«Бірқатар олимпиадалардың жеңімпазы болғанымның арқасында осы лагерьге келдім. Мен өте қуаныштымын. Мұнда барлығы – дарынды, түрлі жетістікке жеткен оқушылар. Олардан үйренерім көп деп ойлаймын. Бір-бірімізбен танысып, жаңа достар тауып жатырмыз», – дейді пән олимпиадаларының жеңімпазы Мәриям Сабырхан.
Заманауи орталықта бассейн, тренажер залы, кітапхана және түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Лагерь жыл бойы қызмет көрсетеді. Әр ауысымда 30 оқушы қабылданып, бір жыл ішінде 500-ге жуық дарынды баланы қамту жоспарланған.
Айта кетейік, биыл Шымкентте 12 мыңға жуық бала жазғы лагерьлерге жолдама алды. Ең алдымен әлеуметтік осал топтағы, қиын өмірлік жағдайға тап болған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылуда. Ал қалған оқушылардың жазғы демалысын мазмұнды өткізу үшін мектептер жанынан түрлі білім беру және тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.