Шымкентте талапкерлерге арналған мамандықтар жәрмеңкесі өтеді

Шымкент қаласында мектеп бітіруші түлектер мен талапкерлерге арналған жоғары оқу орындары және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарының мамандықтар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Ауқымды шара жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен таныстыруға және болашақ мамандықты саналы таңдауға бағытталған.

Жәрмеңке 2026 жылғы 16 шілдеде сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін Достық үйінде өтеді. Іс-шара барысында талапкерлер еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен колледждерінің өкілдерімен тікелей кездесіп, өздерін қызықтырған мамандықтар, қабылдау талаптары мен оқу бағдарламалары туралы жан-жақты ақпарат алады.

Сонымен қатар, келушілерге мемлекеттік білім гранттары, оқуға қабылдау тәртібі, білім беру бағдарламалары мен академиялық мүмкіндіктер жөнінде кеңес беріледі. Арнайы мамандар кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізіп, түрлі тестілеулер арқылы жастардың қабілеті мен қызығушылығына сәйкес мамандық таңдауға көмектеседі. Бұл талапкерлерге өз мүмкіндіктерін бағалап, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер туралы нақты мәлімет алуға жол ашады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңке тек ақпараттық алаң ғана емес, сонымен қатар жастардың болашаққа деген сенімін арттыратын маңызды кездесу алаңы болмақ. Іс-шара аясында түрлі танымдық бағдарламалар, интерактивті кездесулер мен қызықты іс-шаралар ұйымдастырылып, белсенді қатысушыларға сыйлықтар табысталады.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласындағы 37 колледжден 14 мыңнан астам жас маман диплом алып шықты. Олар түрлі салада еңбек жолын бастап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қоспақ. Ал мамандықтар жәрмеңкесі келесі буын талапкерлеріне дұрыс таңдау жасауға бағыт-бағдар беретін маңызды іс-шаралардың бірі болмақ.

Қосымша ақпаратты 8 (707) 478-98-62 телефон нөмірі арқылы алуға болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *