Шымкентте Гази университетінің филиалы ашылды

Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде Түркияның беделді жоғары оқу орындарының бірі – Гази университетінің филиалы ресми түрде ашылды. Бұл маңызды жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия Республикасына жасаған ресми сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асып отыр.  

Халықаралық білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтатын бұл бастама екі ел арасындағы академиялық байланысты жаңа деңгейге көтеріп, қазақстандық жастарға әлемдік талаптарға сай білім алуға мүмкіндік береді.

Филиалдың ашылуына орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ базасында жүзеге асырылатын B018 (TR-545) – «Шет тілі мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасына 100 мемлекеттік грант бөлінді. Гранттар мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында тағайындалады.

Құжаттар 13–20 шілде аралығында қабылданады. Талапкерлер мемлекеттік грант конкурсына қатысу кезінде төрт мамандық таңдауының біріне TR-545 кодын енгізу арқылы өтініш бере алады.

Бағдарламаға қатысу үшін талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуде «Дүниежүзі тарихы» және «Ағылшын тілі» бейіндік пәндерін тапсырып, кемінде 100 балл жинауы қажет. Конкурсқа мамыр, маусым және шілде айларында тапсырылған ҰБТ сертификаттары қабылданады. Сонымен қатар IELTS немесе TOEFL секілді халықаралық тіл сертификаттарын ұсыну міндетті емес. Дегенмен, мұндай сертификаттардың болуы талапкер үшін қосымша басымдық болып саналады.

Жаңа білім беру бағдарламасы болашақ ағылшын тілі мұғалімдерін халықаралық стандарттарға сәйкес даярлауға бағытталған. Бұл бастама студенттерге заманауи педагогикалық тәжірибені меңгеріп, халықаралық деңгейдегі академиялық ортада білім алуға жол ашады.

Айта кетейік, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1937 жылы құрылған, еліміздің оңтүстік өңіріндегі педагогикалық кадрларды даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Ал Гази университеті 1926 жылы Түркияда негізі қаланған беделді оқу орны саналады. Университет педагогика, ғылым, медицина және басқа да бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлап келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *