Шымкент медицинасы жаңа белеске көтерілуде

Шымкент қаласында денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайрат Қалибеков мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, қаладағы медициналық ұйымдарды халықаралық талаптарға сай дамытуға ерекше назар аударылуда. Бүгінде ұлттық аккредиттеуден өтуі тиіс 91 медициналық ұйымның 63-і аккредиттеуден өтіп, бұл көрсеткіш 67 пайызға жеткен. Бұл – медициналық қызмет сапасын жетілдіруге бағытталған жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Халыққа жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында жедел жәрдем қызметіне 25 жаңа санитарлық автокөлік сатып алынды. Соның нәтижесінде автопарктің жаңару деңгейі 54,2 пайызды құрады.

Қала медицинасының тағы бір маңызды жетістігі – Қалалық №1 клиникалық ауруханасында 251-бүйрек трансплантациясының сәтті жасалуы. Бұл көрсеткіш шымкенттік дәрігерлердің кәсіби біліктілігін ғана емес, еліміздегі трансплантология саласының дамуына қосқан үлесін де айқын көрсетеді.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Емханалар мен стационарларға 12 заманауи планшеттік ультрадыбыстық зерттеу аппараты жеткізіліп, ерте диагностиканың тиімділігі артты. Бұл әсіресе шалғай учаскелердегі тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі де кеңейіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы алты айында қалада 273 күрделі жоғары технологиялық операция жасалған.

Сонымен қатар жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қалалық балалар клиникалық ауруханасы мен Онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухана жаңа буындағы компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография аппараттарымен қамтамасыз етілді. Заманауи құрылғылар күрделі ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеудің тиімділігін арттыруға жол ашып отыр.

Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жарақтандырылу деңгейі 88,23 пайызға жетті. Бұл қаладағы денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беруде.

Брифинг барысында тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше тоқталды. 2026 жылы Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында 61 мыңнан астам тұрғын қажетті дәрілік заттармен қамтылған. Оның ішінде 23 мыңнан астамы – балалар.

Ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша 526 мыңнан астам ересек тұрғын мен 10 мыңнан астам бала дәрі-дәрмек алған.

Қайрат Қалибеков мемлекет әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтардың МӘМС жарналарын бюджет есебінен төлейтінін атап өтті. Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік жағдайы дағдарыстық және шұғыл деңгейде бағаланған азаматтардың сақтандыру жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейтінін жеткізді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *