Еңбекші ауданында ел игілігіне бағытталған жұмыстар қарқын алды

Шымкент қаласы Еңбекші ауданында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.

Аудан басшысының айтуынша, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көбейту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардың ұсыныстары негізінде аулаларды абаттандыру, балалар ойын және спорт алаңшаларын салу, қоғамдық кеңістіктерді көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Биыл да жаңа ойын және спорт алаңшалары мен гүлзарлардың құрылысы жалғасып, тұрғындардың демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне қолайлы жағдай жасалуда.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында аудан аумағында жаңа спорт алаңшалары салынып, тұрғындардың белсенді өмір салтын ұстануына мүмкіндік кеңейіп келеді. Сонымен қатар көшелердің сәулеттік келбетін жақсарту бағытында жаңа үлгідегі мекенжай тақтайшалары орнатылып, аудан аумағында бірыңғай сәулеттік келбет қалыптастырылуда.

Әлеуметтік саладағы маңызды жобалардың бірі – Қаратөбе тұрғын алабындағы №96 мектепке жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары. Жоба аясында білім беру ұйымының материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Сондай-ақ Тоғыс тұрғын алабындағы «Қазығұрт» мәдениет үйін жаңғырту жобасы қайта қаралып, ғимаратты толық реконструкциялау жұмыстары қолға алынды.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес бекітілген 2022–2025 жылдарға арналған Жол картасы аясында ауыз су, табиғи газ, электрмен жабдықтау, кәріз жүйесі және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша бірқатар жобалар іске асырылуда.

2025 жылдың қорытындысы бойынша халық шоғырланған аумақтарды сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар Оңтүстік-Жаңақұрылыс тұрғын алабында су құбыры жүйесінің құрылысына арналған жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, 2026 жылдың жұмыс жоспарына енгізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын бастауға дайындық жүргізілуде.

Табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында Жалын, Жұлдыз, Қарабастау-Жаңақұрылыс және Жұлдыз-Жаңақұрылыс аумақтарында газ жүйесінің құрылысы аяқталып, тұрғындарды абоненттеу жұмыстары жүргізілді. Ал Достық тұрғын алабы, Қазығұрт станциясы аумағы мен Оңтүстік-Жаңақұрылыс учаскесін газдандыру бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде.

Электрмен жабдықтау саласында ескірген желілерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. А.Оразбаева көшесіндегі электр желілері толық жаңартылды. Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарында жүзеге асырылып жатқан «Сайрам» жобасының құрылысы аяқталу сатысына жетті. Сонымен қатар «ОңтүстікЖарықТранзит» мекемесі тарапынан электр желілері мен трансформаторларды жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Кәріз жүйесін дамыту бағытында Базарқақпа тұрғын алабындағы көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторды қамтитын құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ Орынбай ақын көшесі аумағында жаңа кәріз желілерін салуға арналған жобалар әзірленіп, келесі кезеңдегі құрылыс жұмыстарына қажетті қаржыландыру қарастырылды.

Жол-көлік инфрақұрылымын жетілдіру де аудан дамуының негізгі бағыттарының бірі. Базарқақпа мен Тұрдыабат тұрғын алаптарын байланыстыратын Исраилов көшесінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жоба аясында төрт жолақты автожол, аяқжолдар, ирригациялық жүйе және көше жарықтандыру желілері қарастырылған.

Сонымен қатар аудан аумағында жаңа аяқжолдар салу, ирригациялық арықтарды орнату және көше жарықтандыру жүйелерін жаңарту жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *