Бүгін Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің төрағалығымен Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық барысы бойынша онлайн режимде жиын болып өтті,-деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
ҰБТ тапсыру кезінде мектеп түлектерінің денсаулығы басты назарда екенін айтқан қала басшысы тестілеу өткізу кезінде санитарлық талаптар мен санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейтуге айрықша назар аударуды тапсырды.
Жиында Ұлттық бірыңғай тестілеудің дайындық барысы туралы баяндаған білім басқармасының басшысы Ж.Тажиева биылғы 2019-2020 оқу жылында бітіруші 8 885 түлектің 6 799-ы ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргенін мәлім етті.
«Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ҰБТ-ға өтініштерді қабылдаудың форматына өзгерістер енгізілді. Яғни, оқушыларымыз ағымдағы жылдың сәуір айының 15-нен бастап мамыр айының 10-ы күні аралығында ҰБТ-ға өтінішітерін онлайн тіркеді. Ал, тестілеу қаладағы төрт жоғары оқу орындары жанынан құрылған Ұлттық бірыңғай тестілеу орталықтарында өткізіледі»,-деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, биылғы жылы ҰБТ тапсыру форматы өзгеріссіз қала береді. Яғни, Ұлттық бірыңғай тестілеу бұрынғыша 2 блоктан тұрады.
Бірінші блокта 3 міндетті пән, әрқайсысы 20 тапсырмадан. Атап айтқанда: математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және қазақстан тарихы . Ал екінші блокта 30 тапсырмадан болатын 2 бейінді пән болып табылады. Тестілеу уақыты — 3 сағат 50 минут, максималды балл – 140.
Жиынды қорытындылаған Мұрат Дүйсенбекұлы тестілеу кезінде балалардың қауіпсіздігі үшін әрқайсысының сақтық шараларын ұстануын қадағалауды айтып, бірқатар сала жетекшілеріне ҰБТ-ға дайындықты күшейту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.